Әкімшілік істерді рәсімдеуге қайтарудың себептері

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
2014 жылдың 09 сәуірінде Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Әкімшілік істерді рәсімдеуге қайтарудың себептері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Шара барысында әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалдарды қарау барысында туындайтын көкейкесті сұрақтар талқыланды.
Дөңгелек үстелге Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы С.Қожахметов, судья М.А.Хожабергенов, қала прокуратурасының қызметкері Д.Тоғызбаев, Жезқазған қаласының ІІБ-ның  орынбасары  К.Р.Зарубаев, взвод басшысы Т.С.Қалманов, взвод басшысының орынбасары Б.С.Егеубаев, ЖПБ-нің инспекторлары Т.С.Қоныспаев, А.Фрейер  қатысты.
Алғашқы сөзді Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы С.Қожахметов алып, өзінің баяндамасында, құзырлы органдардың сотқа жолдаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істері бойынша жіберілетін кемшіліктерге кеңінен тоқталды. Әкімшілік істерді уақытылы өз мәнінде қарау толтырылған хаттаманың сапасына тікелей байланысты. Алайда, кейбір хаттамалардың дұрыс толтырылмауынан істердің кері қайтарылу жағдайлары орын алуда, бұл жағдай өз кезегінде істің уақытылы қаралуына кедергі келтіреді.
Хаттама толтыратын құзырлы органдармен сапалы түрде әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырудағы заң талаптары кей жағдайларда сақталмайды. Атап айтқанда, хаттамаларда әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылған адамның қажетті деректері, жәбірленушінің денсаулығына келтірілген материалдық шығын туралы құжаттар, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулылар іске  тіркелмейді.
Аталған іс-шараны өткізу барысында барлық қатысушылар тақырыпты талқылауға белсене қатысып отырды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің хаттамасын толтыру барысында, олардың сапасын жақсартуға байланысты бір топ іс-шаралар құрылып, заңдылықтың, сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған пікірлер айтылды.
Бұрмалаушылыққа жол бермеу мақсатында, әкімшілік істерді тиісті түрде рәсімдеу, яғни, іс материалдарында бар құжаттардың тізімдемесін толтыру, құжаттарды хронология тәртібі бойынша тігу, мемлекеттік органдардағы іс жүргізу туралы нормативтік актілерде көрсетілген басқа да талаптарды орындау ұсынылды. Әкімшілік құқық қолдану тәжірбиесінің әрі қарай жетілдірілуі үшін, жарты жыл сайын қайтарылған әкімшілік істер бойынша талдау  жұмыстарының жүргізілуі керектігі жеткізілді.
 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз орталығы