Мемлекеттік тілдің тұғырын нығайту мақсатында

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

1997 жылдың 11-шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының және тіл тұғырын нығайту мақсатында қабылданған басқа да құжаттардың орындалуына бар ынта-жігерін салып жүргендердің бірі – Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының  ұжымы. Ағымдағы жылдың ақпан айының 06-жұлдызында  осы соттың судьясы Гүлсім Зеймолдақызы Базылованың төрағалық етуімен Қарағанды қаласының Әкімі аппаратының, Октябрь ауданы бойынша Салық басқармасының, екінші деңгейлі банктер, сондай-ақ, жергілікті коммуналдық қызмет көрсету мекемелері өкілдерінің және қорғаушылардың қатысуымен «Азаматтық істерді мемлекеттік тілде қарау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
   Дөңгелек үстел жұмысы барысында  2014 жылдың 4-ақпанында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі Комиссия отырысын өткізгендігі және отырыста Премьер-Министр  бүгінгі күні мемлекеттік органдарда іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру және әдістемелік базаны нығайту бойынша белсенді жұмыстарды одан әрі жетілдіру жайлы айтқандығы мәлімденді. 
   Сонымен қатар, осы іс-шара барысында коммуналды қызмет көрсету мекемелерінің өкілдері мен қорғаушылар тарапынан талап арыздарды сотқа мемлекеттік тілде тапсыру туралы айтылған ұсыныстарын шараға қатысушы қауым оң көзқараспен қабылдады. Дөңгелек үстел жұмысы  мемлекеттік тілдің іргесін көтеретін басты бағыттарды талдай келе, Елбасымыздың биылғы жарияланған Жолдауында жаңғыртылған: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», - деп мемлекеттік тілге қатысты бөле жарған дара сөздерімен аяқталды.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз орталығы