Судьялыққа үміткерлер бойынша қорытынды белгілі болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғары Сот Кеңесінің Қазақстан Республикасының жергілікті соттарында судья лауазымының бос орындарына байқау жариялауына байланысты 2014 жылдың 04-сәуірінде Қарағанды облыстық сотында  үміткерлерді тағайындауға Жоғары Сот Кеңесіне қорытынды беру үшін пленарлық отырыс болып өтті. Бұдан бұрын да қоғамдық қайраткер С. Досмағамбетовтың төрағалық етуімен және Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е. Серекбаевтың, «Қарағанды облыстық соты Кеңсесі» ММ-нің басшысы Д. Құсбековтың қатысуларымен өткен  Қоғамдық кеңестің отырысы өз қорытындысын берген болатын.

«Қарағанды облыстық соты Кеңсесі» ММ-нің басшысының орынбасары Г.Бүебаева өз баяндамасында барлығы 197 бос орын жарияланып, оның ішінде 182-сі аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларының бос орындары, 15-і облыстық және оған теңестірілген соттардағы бос орындар екенін мәлімдеп, Қарағанды облысы бойынша 26 бос орын жарияланғанын, біздің облысымыз бойынша байқауға қатысу үшін Жоғары Сот Кеңесіне 83 тұлға өтініш бергендігін айтып өтті.

Үміткерлердің  тізімін, олардың жұмыс орындарынан берілген мінездемелерін, еңбек өтілдері көрсетілген жеке парақшаларын зерделей келе комиссия бірауыздан 83 үміткердің ішішнен 80-ін бекітуге шешім қабылдады. Облыстық соттың судьясы лауазымына аудандық және оған теңестірілген соттардан  өтініш білдірген 2 үміткер жұмыс тәжірибесі жеткіліксіз болғандықтан және біреуінің қызметтік мінездемесі болмағандықтан оң шешім ала алмады.

Облыстық және оған теңестірілген соттардағы, аудандық және оған теңестірілген соттардағы судья лауазымдарының бос орындарына үміткерлерді таңдап алудың негізгі критерийлері – білім деңгейінің жоғарылығы, мінсіз беделі мен моральдық өнегелік қасиеті. Біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағлымдамадан сәтті өткен және пленарлық отырыстың оң бағасын алған үміткер судья лауазымының бос орыны үшін жарияланған байқауға қатыса алады.

Қарағанды облыстық сотының баспасөз орталығы