Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша әкімшілік іс қаралды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2022 жылғы 12 желтоқсанда жүргізуші М. Қарағанды қаласы көшесінің қиылысында көк және қызыл түсті арнайы жарқылдауық маягі және арнайы дыбыстық сигналы іске қосылған қызметтік автокөлігін басқара отырып, жол жүрісі қағидаларының 6-бөлімі 1- тармағының талабын бұзып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, рұқсат етілген бағдаршамның жасыл түсіне қарай келе жатқан жүргізуші Р.-дің басқаруындағы «ВАЗ» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. ЖКО нәтижесінде екі автокөлік те механикалық зақым алып, материалдық шығын келтірілген.
Аталған факті бойынша жол-көлік оқиғасының екі қатысушысына да қатысты көлік құралдарына залал келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзып, материалдық залал келтіргені үшін ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
ӘҚБтК-нің 610-бабының 1 бөлігінің диспозициясы көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастырады.
Жол жүрісі қағидаларының 6-бөлімінің 1-тармағына сәйкес, арнайы қызметтің көлік құралдарының жүргізушілері кезек күттірмей қызметтік тапсырманы орындау кезінде, жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы мүмкін. Олар өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана басымдықты пайдалана алады.
Сот, жүргізуші М.-ді аталған құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танып, оған баптың санкциясы шегінде жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Екінші жүргізуші Р-ға қатысты оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс бойынша өндіріс қысқартылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі