Қарағанды облыстық сотының судьясы Ә. Салин, Нақты «100 қадам» жоспары, "Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елімен иық теңестіруге жеткізетін жол" тақырыбына мақала

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазіргі уақытта Ел басымыз Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Қазақстанның болашағы үшін  бес  институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі ұсынысын жүзеге асыру үшін елімізде 100 нақты қадамнан  тұратын Ұлт Жоспары қабылданды.

         Еліміздің дамыған  отыз мемлекетпен тереземізді теңестіру жөніндегі  осы  «100 нақты қадам» жоспары «2050- Стратегиясын» жүзеге асыру мен мемлекеттігімізді нығайтуға, сондай-ақ, күрделі  кезеңнен нық өтуге жағдай туғызбақ.

         Бұл жоспар  қоғам мен  мемлекетті түбегейлі оңтайландыру мақсатын көздейді. Оған бастар алғашқы қадам кәсіби мемлекеттік аппарат құру болса, осы «100 нақты қадам» жоспарының    II тарауында қоғамда  мемлекетіміздің тарапынан қабылданған заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.

         Осыған байланысты  аталған 100 нақты қадамның 19 қадамы мемлекетіміздің  сот-құқықтық  жүйесін  дамытуға  бағытталған. Бұл дегеніміз, жоғарыдағы аталған Ұлт Жоспарының бір бағыты елімізде заңның үстемдігін  қамтамасыз етуге, оның ішінде  еліміздегі сот қызметінің беделін көтеруге,  судьялардың қызметіне деген халықтың сенімін  арттыруға, сонымен қатар, Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу талаптарын қатайтуға бағытталып отырғанын көрсетеді.

         Осы стратегиялық жоспардың 17-ші қадамында «Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту көзделген. Яғни, бұл жердегі  міндетті түрдегі  талап – судьялыққа  үміткерлердің  бұл жауапты қызметке 30 жастан бастап кірісуін белгілеу, судья лауазымына үміткерледің сот істерін жүргізуге қатысудағы 5 жылдық өтілі болуының, кәсіби  дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлер соттарда степендия төленетін  бір жылдық тағлымдамадан өтуі, бір жылдық тағлымдамадан соң судья  бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі қажет. Судья  лауазымына  үміткерлерге қойылатын жаңа талаптардың  күшейтілуінің түпкі мақсаты – судьяларды тағайындау, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және олардың жауапкершілігін көтеру арқылы болашақта сот корпусының сапалы құрамын жақсарту.

         Мұндай жағдайда судьялық қызметке осы  қызметтті  саналы түрде таңдаған және  судьялық қызметтің барлық ауыртпалықтары мен  жауапкершілігін түсінетін адамдар келеді деп сенеміз.

         Сотқа деген сенім судья шығарған шешімдердің заңдылығына, оның сот процесін жүргізу кезіндегі іс-әрекетіне, соттан тыс уақыттағы жүріс-тұрысына, жеке басының қасиеттеріне байланысты қалыптасады.

         Қазіргі уақытта Ел басының тиісті  тапсырмасына сәйкес судьялардың жаңа Этикалық кодексінің жобасы  әзірленуде. Бұл кодексте  судьяның іс-әрекеттерінің және кәсіби этикасының стандарттары белгіленетін болады. Судьялардың жаңа Этикалық кодексінің негізінде келешекте  азаматтар судьялардың  теріс қылықтары бойынша арнайы тәртіптік комиссияға  шағымдана алатын болады.

         Қазіргі уақытта сот жүйесінде қызмет атқаратын судьялардың іс-әрекеттеріне  түскен  дәлелденген шағымдар бойынша судьяға  қатысты тәртіптік жазаны Сот  жюриі қолданады. Бұл органға  қызметін атқарып жүрген судьяның  кәсіби жарамдылығын анықтау,  судьяның отставкаға шығу және оны тоқтату құқығын растау, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізу,  тәртіптік істерді қозғау туралы мәселені қарау туралы міндеттері жүктелген.

         Қазіргі таңда Ел басымыз белгілеген реформалар шеңберінде осы Сот жюриі оганын қайта құрып, ұйымдастыру мәселелрі қарастырылып жатыр.        Келешекте Сот жюриі құрамында біліктілік комиссиясы мен тәртіптік комиссияны құру жоспарланып отыр.

         Олардың құрамы  отставкадағы судьялармен толығып, әр комиссия өзінің дербес  мақсат-міндеті мен өкілеттігі бойынша жұмыс істейтін болады, яғни, біліктілік комиссиясы судьялардың кәсіби қызметін бағалаумен, олардың атқаратын қызметіне сәйкестігін анықтаумен айналысатын болса, тәртіптік комиссия судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау және оларды тәртіптік  жауапкершілікке тарту туралы мәселелерді қарайтын болады.

         Азаматтардың шағымдары бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау тәртібін заңда қарастырған кезде судьяның қызметіне тән, өзіндік ерекшеліктері  ескерілуге тиіс. Атап айтқанда, сотта қаралған даулы іс бойынша қатысатын тараптардың біреуі  жеңіп шықса, екінші жағы жеңіліп шығатыны анық. Яғни,  жеңілген жақ әлбетте соттың шешіміне риза болмайды, ал қылмыстық істер бойынша,  іске қатысушы  екі тараптыңда  соттың үкіміне риза болмауы мүмкін. Сол себепті,   бұл жерде  азаматтардың кез келген  шағымы бойынша  тәртіптік алқа  судьяны жауапкершілікке тартуға тиіс  болады деген түсінік  туындамауға тиіс. Бұл жерде судьяның әрекеттеріне келтірілген шағым уәждері  дәлелденіп, оның әрекетінде Этикалық кодекс  нормаларының  талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда ғана судьяға қатысты тәртіптік  жауапкершілік мәселесі  қойылатын болады.

         Судьялардың кезекті 6-шы съезінде Елбасымыздың: «Әділ және  адал сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің маңызды негізі», - деп атап өткен болатын.          Стратегиялық жоспарда көрсетілген сот билігінің халық үшін ашық әрі қолжетімді болуы, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту,  барлық сот процестеріне үн-бейне  жазба құрылғыларын қолдануы, алқабилер соты қолданылатын  салаларды кеңейту – соттардың халыққа бір қадам жақын болуы  бағытында жасалып жатқан шаралар болып табылады.

         Бұл әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған үрдіс, сол себепті қазіргі уақытта халықтың еліміздің сот жүйесіне деген сеннімін артыру үшін,   осы жоғарыдағы аталған талаптарды жүзеге асыру бағытында Жоғарғы соттың  тарапынан нақты шаралар қабылданып, қажетті жұмыстар атқарылып жатыр.    Атап айтқанда,  азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру нақтыланған, яғни сот төрелігін бес сатылы сот инстанцияларынан  үш сатылы сот инстанцияларына көшу көзделген. Сонымен қатар судьялардың біліктілігін тұрақты түрде  арттыруды қамтамасыз ететін тиісті  нақты шаралар қарастырылған.

         Қорыта келгенде, осы нақты  жүз қадамнан тұратын Ұлт Жоспарын орындау мақсатындағы ортақ мүдде жолында бірлесе жұмыс жасап,  осы Ұлт Жоспарының орындалуына  барша халық болып бірігіп, бір жұдырықтай жұмылып ат салыссақ, Қазақстанның болашағының жарқын, әлемнің  дәулетті 30 елімен терезесі тең болатындығына еш күмән жоқ.