Қарағанды облысының № 2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: Ж.С.Ахметов "МАҚСАТ СОТ ТӨРЕЛІГІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ САПАСЫН АРТТЫРУ " // "Сарыарқа" газеті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасының  «100 нақты қадам» атты арнайы бағдарламасында:

Сот жүйесіне барынша өзгерістер енгізу қажеттілігі айтылған. Яғни сот жүйесіне үлкен талаптар мен міндеттер қойып отыр.

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда сот саласында көптеген қайта құрулар жүргізіліп, сот саны жағынан да сапасы жағынан да көп биіктерге көтерілді.

Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мемлекеттің стандарттарына және тәуелсіздікке қарай қарқынды қадам басты.

Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру. Бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу.

Бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот болады деген шешім қабылданып отыр. Бұл ұсыныс апелляциялық және кассациялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануына байланысты қолданыстағы сот жүйесіне қатысты сынға жауап ретінде қарастырылған қадам. 

Осы ретте, кассациялық алқа іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау сатысының қызметін атқарып келеді. Сондықтан, оның Жоғарғы Сотқа берілуі қисынға қонымды. Италия, Испания, Франция және тағы да басқа дамыған елдерде істерді қайта қараудың мұндай тетігін кассация деп атайды және оны жоғарғы сот сатысы жүзеге асырады. Кеңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесінің неғұрлым жедел әрі сапалы қорғалуына өзінің кері әсерін тигізуде. 

Біздегі қолданыстағы сот ісін жүргізудің жүйесі шетелдік әріптестер тарапынан түсініспеушіліктің себебіне айналып отыр.

Үш сатылы сот жүйесі – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзартуға және сот шешімін сөзбұйдаға салуға ықпал етеді.

Сот сатыларының азаюы Жоғарғы Сот судьяларының жүктемесінің және соған сәйкес жауапкершілігінің айтарлықтай артуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда облыстық соттардың кассациялық алқалары жылына 24-25 мың істі қараса, келешекте бұл істер Жоғарғы Соттың қарауына келіп түсуі мүмкін.

Жұмыс көлемінің артуына байланысты Жоғарғы Сот судьяларының санын арттыра отырып, облыстық соттардың қазіргі штаттық құрамын қайта бөлу көзделуде. Осылай ету арқылы Мемлекет басшысының барлық алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын іске асыруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда сот сатыларының қарауына берілетін істердің санаттары мен тізімі, судьялардың жүктемесі пысықталуда.

Сот сатыларының азаюы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге негіз болады. Алдағы уақытта апелляциялық саты істерді үш судьядан тұратын алқа негізінде қарайтын болады. Осы орайда, барлық істер бірдей судьялардың алқалық тәртібімен қаралады деуге болмайды. Мәселен, қысқартылған тәртіптегі, қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар бұрынғысынша жеке қарай беретін болады. Ал қалған қылмыстық істер міндетті түрде судьялардың алқалық құрамымен қаралатын болады.

 Жоғарғы Сотта істерді қараудың тәртібі, шағымдар мен өтініштерді алдын-ала қарау жүйесі қатаң регламенттеледі.

Әрине, сот істерінің нақты шешімін табудың жалпы мерзімінің қысқаруы істерді қарау тәртібіне шектеу қоюға негіз болады.

Мәселен, қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес  қылмыстық істер, сондай-ақ сот талқылауы барысында немесе тергеу судьясы шығарған сот актілері бойынша кассациялық шағым түсіруді алып тастау жоспарлануда.

Азаматтық істерге келетін болсақ, жеңілдетілген және бұйрық арқылы іс жүргізу нысанындағы істер апелляциялық сатыда өзінің нақты шешімін табуы керек. Осылай ету арқылы сот сатыларының маңыздылығы мен мәртебесі артатын болады. Мұндағы мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот сатыларын мейлінше азайту, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, іс бойынша сот шешімінің жедел қабылданып, сот әділдігін орнату. Бір сөзбен айтқанда, сот сатыларын оңтайландыру – сот төрелігінің сапасын арттырудың басты жолы болып табылады.

Сот процесстерінде аудио-бейне жазба жүйесін жүргізу кең тәжірибеге енді.

Ол отырыстың қорытындысы бойынша құжаттарды дайындауды жылдамдатады, шаралардың объективтілігі бойынша сұрақтар алынады.

Жаңа технологияларды енгізу мен қолдану сот ісін жүргізуді қысқартады, сот қызметкерлері мен азаматтардың байланысын азайтады. Ол жемқорлықтың азаюына, халықтың уақыты мен қаражаттарын үнемдейді, біздің азаматтарымызға сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін кеңейтеді.