Шет аудандық сотының төрағасы Д.К.Бурабаев. "Ұлт жоспарын орындау - басты мақсат "

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

2015 жылғы Президент сайлауы Қазақстан қоғамының азаматтық тұрғыдан белсенді екендігін көрсетті. Өз таңдауын жасау арқылы Қазақстан халқы елді жаңғырту бағытын жалғастыру ниетін кезекті рет білдірді. Реформалар жарияланды. 2015 жылғы 29 сәуірде Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңіне жол ашты.

Жоспарланған реформалар қоғамның барлық тобы белсенді қолдаған және оған жоғары деңгейде қатысқан жағдайға ғана тиімді  жүзеге аспақ. Азаматтардың қоғамдық белсенділігі бірнеше жылдан бері көрініс тауып келеді, мәселен ел тұрғындары үдемелі индустриялық-инновациялық даму саясатының басталуында және «Нұрлы жол» экономикалық саясатының іске қосылуында өзінің белсенділігін көрсетті.

2015 жылы Қазақстан мемлекеттік құрылысты одан әрі дамыту жолында ұлттық жетістікке жетуге тағы бір қайталанбас тарихи мүмкіндікке ие болып отыр. Қазақстанның тарихи мүмкіндігі Президенттің халықтық қолдауына негізделеді. Қазіргі таңда сыртқы және ішкі жағдайлар қолданыстағы жалпы мемлекеттік капиталды еліміздің 30 дамыған елдердің қатарына қосылуына жүйелі түрде бағыттауына мүмкіндік беріп отыр.

Осыдан келіп халықты хабардар ету міндеті туындайды: Мемлекет басшысы жариялаған реформаларды жалпыұлттық іске, жалпыұлттық идеяға айналдыру қажет. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ұлт жоспарын «100 нақты қадам» деп  атауының мәні де осында.  

          Өзінің айқын беделі мен мұқалмас жігерінің арқасында тек Н.Ә.Назарбаев қана Қазақстан халқын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға жұмылдыруға қабілетті. Реформалар «өздігінен» іске аспайды. Реформалар – бұл әрдайым «жағдайға қарсы жүру», үлкен күшті талап ететін жоғарыға бағытталған қозғалыс.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ел Президенті сот жүйесінің барлық мәселелеріне айрықша маңыз берді, қазіргі заманғы демократиялық және құқықтық  мемлекет құрудың  жалпыәлемдік озық стандарттарына сәйкес соттардың шын мәніндегі тәуелсіз болуының қолдаушысы болды. Бұл барлығына – заңнамаға, судьялардың құзыретіне, сот жүйесінің құрылысына, судьялыққа үміткерлерді іріктеу жүйесіне қатысты болатын.

Мемлекет басшысы дамыған және ең бастысы дербес сот жүйесі болмайынша, Қазақстанның мемлекет ретінде қазіргі заманғы әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кіре алмайтындығын анық түсінді. Президент республика судьяларының тұрақты өткізілетін съездерінің шеңберінде сот корпусы мен ашық әрі әділ диалог орнатып келеді. Бұл жиналыстарға еліміздің барлық өңірлерінен судьялар қатысады. Мұнда Мемлкет басшысы өзі ұсынатын жаңалықтарды талқылап, олар өз кезегінде сот билігін дамытудың жаңа басымдықтарын айқындайтын жаңа міндеттерге айналып отырды.

2013 жылғы қарашада өткен алтыншы съезд және Президент айқындаған жұмыстың шешуші бағыттары осы ойымызды дәлелдейді. Бүгінгі таңда біздің тарапымыздан олардың әрбірі бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Бұл соттар қызметін заңнамалық және іс жүргізу нормалары тұрғысынан жетілдіру, сот құрылысын дамыту, даулар мен шиеленістерді шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, Қазақстан сот корпусының кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл міндеттердің Ұлт Жоспарында көзделген қадамдармен үйлесетіндігін байқау қиын емес. Алдағы реформалар – ел дамуының жаңа кезеңіндегі ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ағымдағы мемлекеттік басымдықтар мен міндерге сәйкес сот жүйесін эволюциялық дамытудың жалғасы екендігін тағы бір рет дәлелдейді.

2015 жылы Қазақстан World Justice Project Халықаралық үкіметтік емес ұйымы құрған әлемдік рейтингтегі өзінің көрсеткішін 6 тармаққа (71-ден 65-ке дейін) жақсартты. Рейтинг мынадай негізгі сегіз көрсеткішке негізделген: билік институттары құзыретінің шектелуі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі.

Соттар жұмысына қатысты жоғарғы бағаны халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өткен түрлі әлеуметтік зерттеулер де растап отыр. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстан Республикасының 193 аудандық және оған теңестірілген соттарында 12 206 респондентке сұрау салынған.  

Сұрау салынғандардың 80% судьяларға сенім білдіреді. Респонденттердің 90% пайызға жуығы судьялардың сыпайылығы мен біліктілігін атап өтсе, респонденттердің 83% судьялардың сот талқылауына дайындық деңгейіне қанағаттанушылық білдірген, сауалнамаға қатысқандардың 80,6% сот процесінде ұсынылатын ақпарат пен пікір білдірудегі тең мүмкіндікті оң бағалаған.Респонденттердің біршама бөлігі соттардың қаржылық тұрғыдағы қолжетімділігіне (68,2%), соттар ғимараттарының жайлылық деңгейіне (69,6%) және сот отырыстарының уақытылы басталуына (62,6%) қанағаттанушылық білдірген.Респонденттердің соттар қызметіне қанағаттанушылығының жалпы деңгейі 71,3% құраған.Осы аталған халықаралық сараптамалық бағалар республикамыздың сот жүйесін дамыту бағытының тиімділігін айқындайды. Жыл сайын соттарда 1 миллионнан астам істердің (2014 жылы – 1,2 млн.-нан астам іс) қаралуы елімізде іскерлік және құқықтық мәдениеттің барлық негіздерінің қаланғандығын білдіреді.Бүгінде адамдар сотқа жүгінуге басымдық береді, оларға сенеді және дәл осы жерде өз құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

         Үш сатылы сот жүйесіне көшу бастамасы келісілді. Бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот болады деген шешім қабылданып отыр. Бұл ұсыныс апелляциялық және кассациялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануына байланысты қолданыстағы сот жүйесіне қатысты сынға жауап ретінде қарастырылған қадам. 

Осы ретте, кассациялық алқа іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау сатысының қызметін атқарып келеді. Сондықтан, оның Жоғарғы Сотқа берілуі қисынға қонымды. Италия, Испания, Франция және тағы да басқа дамыған елдерде істерді қайта қараудың мұндай тетігін кассация деп атайды және оны жоғарғы сот сатысы жүзеге асырады. Кеңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесінің неғұрлым жедел әрі сапалы қорғалуына өзінің кері әсерін тигізуде. 

Біздегі қолданыстағы сот ісін жүргізудің жүйесі шетелдік әріптестер тарапынан түсініспеушіліктің себебіне айналып отыр.

Сот сатыларының азаюы Жоғарғы Сот судьяларының жүктемесінің және соған сәйкес жауапкершілігінің айтарлықтай артуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда облыстық соттардың кассациялық алқалары жылына 24-25 мың істі қараса, келешекте бұл істер Жоғарғы Соттың қарауына келіп түсуі мүмкін.

Жұмыс көлемінің артуына байланысты Жоғарғы Сот судьяларының санын арттыра отырып, облыстық соттардың қазіргі штаттық құрамын қайта бөлу көзделуде. Осылай ету арқылы Мемлекет басшысының барлық алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын іске асыруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда сот сатыларының қарауына берілетін істердің санаттары мен тізімі, судьялардың жүктемесі пысықталуда.

Сот сатыларының азаюы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге негіз болады. Алдағы уақытта апелляциялық саты істерді үш судьядан тұратын алқа негізінде қарайтын болады. Осы орайда, барлық істер бірдей судьялардың алқалық тәртібімен қаралады деуге болмайды. Мәселен, қысқартылған тәртіптегі, қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар бұрынғысынша жеке қарай беретін болады. Ал қалған қылмыстық істер міндетті түрде судьялардың алқалық құрамымен қаралатын болады.

 Жоғарғы Сотта істерді қараудың тәртібі, шағымдар мен өтініштерді алдын-ала қарау жүйесі қатаң регламенттеледі.

Әрине, сот істерінің нақты шешімін табудың жалпы мерзімінің қысқаруы істерді қарау тәртібіне шектеу қоюға негіз болады.

Мәселен, қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес  қылмыстық істер, сондай-ақ сот талқылауы барысында немесе тергеу судьясы шығарған сот актілері бойынша кассациялық шағым түсіруді алып тастау жоспарлануда.

Азаматтық істерге келетін болсақ, жеңілдетілген және бұйрық арқылы іс жүргізу нысанындағы істер апелляциялық сатыда өзінің нақты шешімін табуы керек. Осылай ету арқылы сот сатыларының маңыздылығы мен мәртебесі артатын болады. Мұндағы мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот сатыларын мейлінше азайту, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, іс бойынша сот шешімінің жедел қабылданып, сот әділдігін орнату. Бір сөзбен айтқанда, сот сатыларын оңтайландыру – сот төрелігінің сапасын арттырудың басты жолы болып табылады.

Келесі қадамда, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді.

        Ұлттық комиссия судьялыққа үміткерлердің жасын 30 жасқа дейін өсіру ұсынысын қолдады. Бұл ел Конституциясына өзгеріс енгізуді көздейді. Осы ретте үміткерлердің сот саласына тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілін енгізу көзделуде. Бұл сот хатшылары, прокуратура және адвокатура қызметкерлері. Мұндай лауазымдардың тізімі заң бойынша бекітілетін болады.

Соттарда магистранттардың тағылымдамадан өту мерзімін бір жылға дейін ұзаратын болады. Қазіргі Сот төрелігі институтының магистратурасында оқу мерзімі екі жылды, соның ішінде судьялыққа үміткерлердің тәжірибелік тағылымдамадан өту мерзімі бар болғаны үш айды құрайды.

Соттарда басқа кандидаттардың, магистрант еместердің тағылымдамадан өту мерзімі де бір жылға дейін көбейтілетін болады. Тағылымдама шәкіртақы төлене отырып, жұмыстан босатылған негізде жүргізіледі. Негізгі жұмыс орнынан босатыла отырып жүргізілген толық тағылымдама тағылымдамашылардың соттар жұмысын ұйымдастыру тәртібін барынша игеруіне және судья лауазымының мәнін ұғынуына мүмкіндік береді.

Осындай тәсіл арқылы тағылымдамадан өзінің болашақ мамандығын судья ретінде саналы түрде таңдаған адамдар ғана өтетін болады. Бұл ретте  тағылымдамашыларға судьяның лауазымдық жалақысынан 50-ден 70%-ға дейінгі мөлшерінде шәкіртақы төленеді.

Қазіргі судьялардың бірқатары өз кезінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін соттарда тағылымдамадан өткен.

Тағылымдамаға қабылдау өңірлердің судьялық кадрларға деген жобалық қажеттілігін ескере отырып, жүзеге асырылатын болады.

Жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімі енгізіледі.

Сынақ мерзімі кезеңінде олар әкімшілік, сондай-ақ күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын болады.

Сынақ мерзімі аяқталған соң оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Одан әрі оң қорытындысы болса, олардың кәсіби қасиеттерін Сот жюриінің біліктілік комиссиясы бағалайтын болады.

Судьялыққа кандидаттың кәсіби қасиеттері расталған кезде тұрақты негізде судья лауазымына тағайындау үшін Жоғары Сот Кеңесі оның кандидатурасын Мемлекет басшысына ұсынады.

Сонымен бірге жас судьяны тәртіпке үйрету үшін жаңадан тағайындалған судьяға жұмыс істейтін судьяның кепіл болуы институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады.

          Сот төрелігі институты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болады. Осы орайда аталған институтты Сот төрелігі академиясы деп қайта құрып, оның шеңберінде магистратура, біліктілікті арттыру және ғылыми зерттеу институттарын құру көзделеді.

Осындай тәсіл бойынша Академия әрбір магистрантты даярлаудағы кемшіліктерді шын мәнінде анықтап, оларды жедел жоюға қабілетті болады. Бұған қоса, күшті бейіндік оқу және ғылыми-әдістемелік орталықтардың болуы судьялардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ жеке ғылыми зерттеулер жүргізу, Жоғарғы Соттың қаулылары және жалпы отырыстардың ұсынымдары бойынша сараптама жасау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

         Жұмыс істеп жүрген судьяларға қатысты талап күшейеді. Судьялардың жаңа Әдеп кодексі әзірленеді, сондай-ақ азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне қатысты Сот алқасына шағымдану мүмкіндіктері артады.

Сот жюриінің құрамында біліктілік комиссиясы мен тәртіптік комиссияны құру жоспарланып отыр. Жаңғыртылған алқаның құзырына жұмыс істеп жүрген судьяларға олардың қызметінің алғашқы бес және он жылы аяқталған кездері, сондай-ақ жоғарғы сатыдағы соттың лауазымына жарияланған конкурсқа қатысуы барысында кәсіби баға беру мәселелері кіреді. Осылайша, бұл судьялардың біліктілік деңгейін тексерудің тікелей құралына айналады. Бұл мемлекеттік қызметтегі меритократия принципіне толық сәйкес келеді.

       Алқабилер соты қарастыратын міндетті салаларды кеңейту және оларды іріктеудің тетіктерін оңтайландыру мәселелері пысықталуда. Алқабилер соты қарастыратын істер тізімі кеңеюде. Қажеттілік туындаған жағдайда алқабилердің қатысуымен қаралған істерді процестің мүдделі қатысушыларының өтініші бойынша бір соттан екінші сотқа берудің мүмкіндіктерін заңнамалық тұрғыдан айқындау қарастырылуда.

        Сот бақылауын күшейту шеңберінде тергеу судьясына бірқатар қосымша функциялар беру көзделуде. Бұл қарауға, алуға, тінтуге және жеке тінтуге санкция беру. Қазіргі таңда тергеу судьялары сегіз процессуалдық әрекетке санкция береді.

        Жоғарғы Сотта тағы бір алқа құрылады. Оған бірінші сатыдағы ірі инвесторлардың қатысуымен болатын істерді қарау функциясы жүктеледі. Тиісті өзгерістер Азаматтық процесстік кодекс (АПК) жобасында көзделген. Бүған қоса жаңа алқаның қарауына сайлау мәселелері, кассациялық шағым бойынша келіп түскен әкімшілік істерді беру көзделуде.

        Қазіргі таңда Президент Астана қаласындағы Қаржы орталығының шеңберінде қаржы сотын құруды көздейтен Жарғыға қол қойды. Бұл сот айрықша мәртебеге ие болады және біздің республикамыздың сот жүйесіне кірмейді. Бұл сот Дубай қаржы орталығы сотының тәжірибесінің негізінде құрылады. Аталған сотта Қазақстандағы жалпы құқық нормаларымен қатар, құрлықтық құқық нормалары қолданылады. Сот ісі ағылшын тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда дербес коммерциялық арбитраж құрылады.

        Халықаралық консультативтік кеңес құру көзделуде. Ол Жоғарғы Сотқа қазақстандық сот төрелігінің халықаралық стандарттар мен сот тәжірибесінің негізінде жұмыс істеуіне жәрдем береді.

Оның құрамына беделді шетелдік сарапшылар кіреді деп жоспарлануда. Халықаралық кеңестің мәртебесі, құзыреті мен қызмет тәртібі Жоғарғы Соттың жалдпы отырысы бекітетін ережеде көзделетін болады.

         Мемлекеттің мүддесі қозғалатын жағдайда соттың немесе прокурордың бастамасы бойынша, өзін дербес қорғауға мүмкіндігі жоқ азаматқа қатысты және адамдардың кең тобының қоғамдық мүддесін қорғау қажет болған жағдайда ғана прокурордың сот ісіне міндетті қатысуын сақтау көзделеді. Бұл, мәселен, азаматтардың еңбек, тұрғын үй құқықтарының жаппай бұзылуы, еңбек ұжымдарының қатысуымен болатын даулар және т.б. Бұл жаңашылдықтар азаматтық сот ісін жүргізудің диспозитивтілігін күшейтуге бағытталған. 

        Ірі қалақұраушы кәсіпорындар қызмет ететін әкімшілік-аумақтық бірліктерде еңбек даулары бойынша мамандандырылған соттар құру туралы мәселе пысықталуда. Жекелеген еңбек даулары бойынша тегін заңгерлік көмек көлемі кеңейетін болады. Бұған қоса, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін барынша арттыру үшін еңбек даулары бойынша мамандандырылған соттарда немесе жергілікті жері бойынша жалпы юрисдикциядағы соттарда баламалы сот ісін қарау енгізіледі. 

         Өзінің қызметкерлер штаты бар тұрақты жұмыс істейтін орган ретінде Жоғары Сот кеңесін қайта құру жоспарлануда. Мұндай тәжірибе бірқатар батыс елдерінде бар. Италия, Франция және т.б. елдерде Жоғары Сот кеңесі мүшелерінің басым бөлігі судьялардан, ал қалған бөлігі белгілі бір мерзімге өзінің негізгі қызметінен босатылған прокурорлардан, адвокаттар мен заң саласының профессорларынан құралады. Жоғары Сот кеңесі қызметінің негізгі бағыты – судьялық кадрларды іріктеу.

Бұл бастаманы Жоғарғы Сот судьялыққа үміткерледі іріктеу тәжірибесін жақсартуға бағытталған қадам ретінде құптады.

        Жоғарғы Сот судьялардың тәуелсіздігін күшейту бойынша жұмыс жүргізуде.Парламент сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Аталған жоба бойынша отставкадағы судьяларды өмір бойы қамту институтын енгізу қарастырылуда. Осы ретте төлемнің жоғарғы мөлшері судьяның соңғы жұмыс орнында алған лауазымдық жалақысының 65 пайызын құрауы, бірақ 109 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Дәл осындай зейнетақылық қамту бүгінде әскери қызметшілерге, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тән.

Бұған қоса, Ұлттық комиссия тиісті мемлекеттік органдарға – Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне қазіргі судьялардың еңбекақысын саяси мемлекеттік қызметшілердің жалақысымен теңестіру тетігін пысықтау туралы тапсырма берді. Елбасымыз айтып өткендей, ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертетініне сенімдімін.