Кәмелетке толмағанға келтірілген моральдық зиянды өтеу

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты кәмелетке толмаған баланың мүддесі үшін Б.-ның "А." ЖШС-не 3 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу туралы  талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

2022 жылдың 25 мамырында жолаушылар автобусының жүргізушісі бағдаршамның қосымша рұқсат беру сигналына бұрылу маневрін жасап, жолдың жүріс бөлігін реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы қағып, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені анықталды.

Мемлекеттік автоинспектордың қаулысымен  ҚІЖК-нің 35-бабының 1-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Бұл ретте кәмелетке толмағанның заңды өкіліне жоғары қауіп көзі келтірген моральдық зиянды өтеу туралы сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді.

Азаматтық кодекстің 931-бабының 1-тармағына қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.  

Азаматтық кодекстің 951-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес егер зиян жоғары қауіптілік көздері арқылы азаматтың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайларда, келтірушінің кінәсіне қарамастан, моральдық зиян өтеледі.

Егер оның мөлшерін белгілеу кезінде азаматтың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты іс бойынша барлық нақты мән-жайлар ескерілсе, ақшалай мәндегі моральдық зиянның өтемақысының мөлшері әділ және жеткілікті деп саналуға тиіс.

Сот жеке мүліктік емес құндылықтар- адам денсаулығының өмірлік маңыздылығын, баланың адамгершілік және физикалық азап шегу дәрежесін, физикалық ауырсынуды, болған жағдайдан қорқу жағдайын ескерді.

Ұсынылған дәлелдемелерді негізге ала отырып, сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы қорытындыға келді және кәмелетке толмаған баланың мүддесі үшін "А." ЖШС-нен Б.-ның пайдасына 800 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.

 

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі

 

 

Источник: 
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі