Кәсіби мамандарға құрмет жоғары

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

 

Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Мұның мағынасы – билік айтушы ешкімді алаламайтын, адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек деген астарлы ұғымға саяды. Судьялар да даулы мәселелерде түйінді шеше білетін, әділдікті ту еткен тұлғалар.

 

Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Елена Анатольевна Кириллова мен Айгүл Тұрсынқызы Смаилова мәртебелі мамандық биігінде тұрған, сот жүйесінің дамуына үлес қосып, заң үстемдігін орнатуды мақсат еткен, әріптестер арасында сыйлы судьялар. Елена Анатольевна күнделікті жұмысында әділдіктің туын биік ұстап, ар мен заңды басшылыққа ала отырып, міне 20 жылға жуық судья лауазымында абыройлы еңбек етіп келеді. Университет бітіргеннен кейін 1987 жылы әріптесіміз еңбек жолын адвокат болып бастап, 2005 жылы Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына судья болып тағайындалады. 2015 жылы Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья лауазымында бірер жыл қызмет атқарып, бүгінгі күні Қарағанды облыстық сотының судьясы. Елена Анатольевна Қазақстан Сот жүйесіне 30 жыл медалімен, Жоғарғы Сот және облыстық сот төрағаларының Құрмет грамоталарымен және көптеген Алғыс хаттарымен марапатталған.

 

Елена Анатольевнамен бірге қызмет атқарған кез туралы Қарағанды облыстық сотының судьясы Галина Кочубей: «Мерейтой – бұл әр адамның өміріндегі белгілі бір белес. Мерейлі жасына орай өз әріптесім – Қарағанды облыстық сотының судьясы Елена Анатольевнаны құттықтағым келеді. Бір уақытта біз бірнеше сотта бірге судья болып жұмыс істедік. Кейін Елена Анатольевна кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья болып қызмет істеді. Судьяның жұмысы – жауапты және қажырлы еңбек, ал Елена Анатольевна табандылық, мақсатына ұмтылу және өз кәсібіне адалдық сияқты қасиеттерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ол өте мұқият, мейірімді адам, құқықбұзушыларға, іс бойынша тараптарға бірде-бір қатал сөз айтуға жол бермейді. Кәмелетке толмаған балалар мен отбасыларға қатысты істерді қарау ерекшелігі психологиялық тұрғыдан қиын екендігі айтпаса да белгілі.Қазіргі уақытта Елене Анатольевна «Отбасылық сотта» жұмыс істейтін жас судьяларға өз тәжірибесін бөлісуде» – дейді Г.Кочубей.

 

Е.Кириллова туралы Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Елена Баткульдинаның да айтары бар. «Қарағанды облыстық сотының

судьясы Елена Анатольевнаны сегіз жылдан астам уақыттан бері білемін. Е.Кириллованың ерекшелігі – қиын жағдайда тез және дұрыс бағдар алып, өзінің жоғары кәсіби шеберлігін көрсетіп, әрбір істі үлкен жауапкершілікпен қарауында. Сондай-ақ, әріптесіміз терең әдептілікпен, басқалардың пікірін құрметтеумен және адамдармен ортақ тіл таба білетін, озық ойлайтын кемел қабілетімен жастарға үлгі. Оның бойында әйел адамға тән нәзіктікпен бірге, қайрат-жігері де мол, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан. Мен әріптесімді осындай өз ісіне берік, сенімді серіктес бола алатын тұлға ретінде таныдым. Мерейтойы қарсаңында Елена Анатольевнаға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке, табыс пен барлық бастамаларына сәттілік тілеймін!» – деп жылы лебізін арнады.

 

Ал Айгүл Смаилова сот саласына 2003 жылы келген. Еңбек жолын 1991 жылы университет оқып жүріп, Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінде анықтаушы инспектор болып бастаған. Кейін Қарағанды облысының Әділет басқармасында жетекші маман, 1997 жылы мемлекеттік нотариус қызметтерін атқарды. 2003 жылы Қазыбек би аудандық сотына судья болып тағайындалады. 2011 жылдан бастап Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында судья болып қызмет атқарған. 2021 жылы Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы болды.

2023 жылы Қарағанды облыстық сотының судьясы болып тағайындалып, қазіргі уақытта осы сотта сот төрелігін жүзеге асыру жолында қажырлы еңбек етуде. Сот жүйесіне қосқан үлесі үшін «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, Қарағанды облыстық соты төрағасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының алғыс хаттарымен марапатталған.

 

Айгүл Тұрсынқызы жайлы Қарағанды облыстық сотының судьясы Әлия Жошева өз естелігімен бөлісті.

– 30 жылдан астам уақыт бойы әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген Айгүл Тұрсынқызы қай мекемеде болмасын, әрқашан өзінің кәсібилігімен, сондай-ақ адами қасиеттерімен ерекшеленді. Айгүл Тұрсынқызы тек жұмысына ғана емес, сондай-ақ әріптестерімен сыйластыққа да асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол сот жүйесіндегі ең мықтылардың бірі, өз ісінің кәсіби маманы, адалдық пен әділеттіліктің үлгісі. А.Тұрсынқызын өз ісіне берілген, судья лауазымына сай абырой мен қадір-қасиетін сақтайтын жан ретінде білемін. Мен оған көп жылдық адал еңбегі мен сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Айгүл Тұрсынқызының баға жетпес кәсібилігін, жинақталған тәжірибесін, сот процесін және жалпы жұмысты шебер ұйымдастыру қабілетін ерекше атап өткім келеді. Құрметті Айгүл Тұрсынқызы, мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, амандық, ұзақ өмір және сарқылмас қуат тілеймін! – деді Әлия Жошева шын жүректен.

 

Біз де сот ұжымы атынан Елена Анатольевнаны 60 жас, Айгүл Тұрсынқызын 50 жас мерейтойларымен құттықтай отырып, зор денсаулық, амандық, ұзақ өмір, қажымас қайрат тілейміз!

 

Қарағанды облыстық соты

Заң газеті, 12.04.2024, №27