Қаздауысты Қазыбек Би: «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Қаздауысты Қазыбек бидің саналы ғұмыры мен елдің ішкі және сыртқы саясатын жүргізудегі дипломатиялық миссиялары әлі де зерттеле, зерделене түсуі қажет».

Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда осындай пікір айтылды.

Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен «Нұр-Отан» партиясының орталық ғимаратында өткен шараға Қарағанды облыстық сотының судьялары Марат Азбанбаев, Қайрат Шағатаев және Қазыбек би аудандық сотының төрағасы Шахатбек Әбдіров қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков «Қаздауысты Қазыбек би және билер соты» деген тақырыпта баяндама жасады.

Ұлттық, жалпы түркілік маңызы бар Қазыбек Би билігінің мән-маңызын жиналған көпшілікке мардымды жеткізу үшін елдің төрі елордадан біршама тарихшылар мен ғалымдар, оқу ордаларының профессорлары шақыртылған. Атап айтсақ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары мен филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов пен Жантас Жақыпов, Сағымбай Жұмағұл, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Берік Рахымов қатысты.

Ғылыми шарада «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембай, белгілі тарихшы Ерғазы Төлеу, ақын Серік Ақсұңқарұлы да бой көрсетті.

Ерекше айтып өтетін жайт – Қазыбек бидің ұрпағы Мұрат Шәуенұлы деген азамат та конференция қонағы болды.

Республикалық конференция барысында көпшіліктің назарына қойылған Қазыбек би туралы зерттеулер мен жинақтардың ішінен судья Марат Азбанбаевтың «Мықты қазақ және Игорь полкі туралы жыр» деген кітабымен танысуға болады. Елі үшін еңбек еткен ұлттың ұлы тұлғаларының шығармалары, өмірі мен өнері туралы талай тартымды дүние табасыз. Қазақтың біртуар ақын-жазушыларының өлеңдері мен жырлары орыс тіліне аударылған.

«Талас-тартыстар мен дау-дамайларды шешіп қана қоймай, заңдар шығарып, оның орындалуын қадағалап, Қазақ Хандығы мемлекетінің  хандарына ақылшы, кеңесші әрі әйгілі дипломат Қазыбек Бидің есімі қазақ пен түркі әлемінің тарихында қашан да алтын әріппен жазылады», - деді Қарағанды облыстық сотының судьясы Қайрат Шағатаев.

«Қазақтың сот билігі бүгін не кеше пайда болған жоқ. Тамырын тереңге тартқан билер институты – біздің нағыз мақтанышымыз, үлгі алар өнегеміз. Өйткені, билер – бітіспес дауларды түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен шешіп отырған. Өз кесімдерін барша халықтың алдында ашық жариялаған. Оларға ешкім қарсы шықпаған, қоғам билердің шешіміне құдайдай сенген. Сондықтан да басшысы мен биін сыйлауды, әділдікті жақтауды қазақ халқы өз дүниетанымында дәстүрлі үрдіске айналдырған», - деп атап көрсетті Қазыбек би атындағы аудандық сотының төрағасы Шахатбек Мәжитұлы.

Ғалымдар мен конференцияға қатысушылар Қазыбек бидің өмірі мен қызметі жайында талқылауларын жалпы отырыстан кейін секцияларға бөліп жалғастырды. «Билер философиясы: Ұлт дүниетанымы мен руханияты», «Шешендік өнер және тіл мәселесі», «Қаздауысты Қазыбек бидің мемлекет пен құқық тарихындағы орны» деген тақырыптар бойынша арнайы дайындалған модераторлар сөз сөйлеп, пікір алмасты.

Ұлтының ұлы перзенті Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы ғылыми-практикалық конференциямен шектелмей, еліміздің әр өңірінде атап өтіледі деп жоспарланып отыр.

Қайнар: 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі