Қарағанды облыстық сотының судьясы Еркеш Мәукен: «Құқықтық тәрбие біздің басты назарымызда»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қарағанды облыстық сотының судьясы Еркеш Мәукен, Бәрімбек Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды Академиясының курсанттары мен оқытушылық құрамына дәріс өткізді.

Оқу ордасының мәжіліс залында өткен кездесу кезінде барлық билік тармақтарының жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық жаңғыртулардың ел келешегі үшін маңыздылығы баяндалды.

Дәріс барысында сот билігінің жұмысын жетілдіруде қолға алынып жатқан жаңашылдықтар мен Судьялардың 7 съезінің нәтижелері, «5 институционалды реформаны» жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары төңірегіндегі шаралар таныстырылды.

Қатысушылар судьялардың жаңа Әдеп кодексі мен сотта қаралатын істердің ерекшеліктері туралы қанықты ақпарат алды. Судьялыққа кандидаттардың жасы мен жұмыс өтіліне қатысты Ұлт жоспарындағы 17 қадамға сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабы мен «Қазақстан Республикасы сот жүйесі және соттардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер туралы да жан-жақты айтылды. Яғни, үміткердің жұмысы сот процесіне тікелей қатысты болғаны қажет. Сот отырысының хатшысы, судьяның немесе прокурор мен адвокаттың кеңесшісі немесе көмекшісі қызметінде кемі 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда заң саласында 10 жыл тер төгуі керек.

1969 жылы құрылған іргелі білім ордасында Қарағанды облыстық сотының судьясы істерді қараудың үш сатылы жүйесіне көшудің артықшылықтарын баяндап берді. «5 сатылы жүйеден бас тартудың нәтижесінде істердің қаралу мерзімі қысқартылып, бірінші сатыдағы судьялар мен апелляциялық инстанцияның рөлі күшейтілді», - деді Еркеш Мәукен.

Сот төрелігі институтының ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының құрамынан Жоғарғы Сотқа берілуінің себептері, алқабилердің қатысуымен өтетін сот отырыстарының ерекшеліктері, сот отырыстарының бейне бақылауға алынуы, инвестициялық дауларды қарау мақсатында Жоғарғы сот жанынан құрылған арнайы алқа мен Халықаралық кеңестің жұмысы жайында кеңінен әңгімеленді.

Сонымен қатар, Еркеш Мәукен қазіргі таңда соттардың жұмысын жетілдіруде әрі қалың көпшілікке ыңғайлы болу үшін енгізілген «Сот кабинеті» электрондық қызметі туралы, ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп енгізілген «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен прокуратура органдарымен бірге қолға алынып жатқан «Заңдылық» жобасы жайлы мағлұмат берді.

ҚР Жоғарғы Сот төрағасының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірлерінде қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру үшін осындай лекциялар өтіп жатыр.

Курсанттар мен оқытушылар шара соңында облыстық соттың судьясына өздерін мазалаған сұрақтарын қойып тұшымды жауап алды.

Источник: 
Қарағанды облыстық сотының баспасөз-қызметі